Салт-дәстүр сөйлейді
Бұл жерге кітап ішіне жасырынған ырым-тыйымды жарияламас бұрын, осы кітап жайлы жазған ағамыздың пікірін біле отырыңыздар. "Бірден айтайын, қолыңыздағы мына кітап - ерекше мәнді, айрықша құнды дүние. Ең басты мәні- мұның танымдығы. Біз бала кезімізде естіген кез келген ырым-тыйымның қайдан шыққанын, түбін, мағынасын білмеуші едік. Үлкендер бір нәрсені істеме десе, түбіне терең бойламай қоя салушы едік. Бірақ көңілде осы тыйымдар қайдан шықты екен деген сұрақтар қала беретін. Бірінші рет сол сұрақтардың жауабын осы кітаптан таптым. Кітап авторлары қазақтың салт дәстүрі мен ырым тыйымының шығуына себеп болған барлық аңыздарды Адам ата мен Хауа анадан бастап Мұхамбет пайғамбарға дейін логикалық үйлесіммен тарқатқан. Кітаптың қай бөлімін ашсаң да, көне көшпенді қазақ жұртының рухани дүниетанымы көзге ұрып тұрады.
Қазақ дүниетанымы мен дәстүрін зерттеген ғалымдар көп болған. XVIII ғасырдың аяғынан бастап Левшин, Радлов, фон Герн, Л. Баллюзак, Зелинский, Янушкевич, Диваев, өзіміздің Шоқандар, Марғұландар зерттеп мол мұра қалдырды. Қазақ дүниесі беріге дейін Сейітқали Қарамендин, Халел Арғынбаев, Сейіт Кенжеахметов сынды өлкелік этнографтар тарапынан да жинақталып келді. Ақселеу Сейдімбековтың ырым-тыйымдар туралы еңбектерң неге тұрады? Бірақ олар ғұрыптың орындалуын, салттың сыртқы көріністерін сипаттаумен шектелген. Дәл мына кітаптағыдай оларды Қадым дәстүрінен, қайнар бұлағынан, аңыз-қиссалардан тарату үлгісі болмаған. Бұл кітаптың ең басты артықшылығы ретінде осы жаңалығын мойындаймын. Бұл кітаптың мені таңғалдырған тағы бір тұсы бар. Бұрынғы зерттеушілер аңыз-қиссаларды тек Қазақстанның қазіргі аумағынан ғана жинаса, мына авторларн негізінен, Монғолия мен Қытай қазақтарынан да жазып алған. Тіпті Түркиядағы Ататүрік атындағы түрік тілі және тарих қоғамы институты этнографтарының жиырма жыл бұрын Қазақстаннан жинаған мұраларын да ақтарып, елден кеткен рухани қазыналарды туған жеріне қайта әкеліпті. Олжаның ең үлкені - осы.
Мен бұл кітапты оқып шыққан кезде есіме Паустовскийдің "Золотоя роза" деген шығармасы түсті. Ғашығына не сыйларын білмеген бас кейіпкер күнде зергердің қоқыс жәшігін ақтарады. Үгіліп түскен алтын ұнтақтарын жинап, одан алтын раушан гүлдерін жасап шығады. Айтайын дегенім- шын ғашықтың мақсатына жету үшін талмай еңбектенгені. Қажымай қаншама тер төккені. Құмнан да ұсақ шаңды, тіпті тозаңды жинап отырып тұтастай дүние шығарғаны. Мына кітапты құрастырған азаматтардың еңбектері соған пара-пар. Олар соңғы жүз жылда басы бірікпей, шаң тозаңдай болып шашырап кеткен барлық аңыз қиссаларды шебер құрастырып, тұтас бір дәуірдің жойылып кеткен мәдениетін қайта сомдап шыққандай. Шын мәнінде солай деп бағалау керек. Ендігі мәселе: егер біздегі педагогтар, ойлы азаматтар бұл кітаптың қадірін шын бағаласа, бұл дайын тұрған оқу құралы. Этика пәнінің №1 хрестоматиясы болуға сұранып тұр. Әдемі дүние шыққан, ғұмыры ұзық болғай! Халық игілігін көргей!" Дидахмет Әшімханұлы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері