ӘЙЕЛГЕ ЖҰМСАҚ БОЛУ - ПАЙҒАМБАРДЫҢ (ﷺ) СОҢҒЫ ӨСИЕТІ ЕДІ!
Иә, біздің бабаларымыз сұсты, атынан ат үркетін айбарлы еді. Отбасына еге бола алғандықтан да, қоғамға сөзі өтетін сыйлы болатын. Әйел, бала-шағасын қас-қабағымен-ақ тәрбиелейтін.
Дұрыс. Шынымен де солай болған және солай болуы керек.
Алайда, бір нәрсені ойланып көрейікші. Бабаларымыз үйдің, елдің мәселесін шешуге келгенде суық ақылға салып, салқынқандылық танытқаны рас. Алайда, әйелімен жеке қалғанда оларды еркелетіп, әзілдесіп, көңілін ауламады деп ойлайсыз ба?
«Сендердің ең жақсыларың - әйелдеріңе және қыздарыңа жақсы қарайтындарың» деген Пайғамбарымыздың ﷺ хадисін білмеді деп ойлайсыз ба? Жо-жоқ, бабаларымыздың өмірі шариғатпен қатар өрілген.
***
Әйел – қорғансыз, өте нәзік жаратылыс. Ол Құдайдан басқа ешкімге мұңын шаға алмайды, оның бар жанашыры Жаратушысы мен өмірлік жарым деп таңдап алған сіз ғанасыз...
Ол туып-өскен, бой жеткен ұясын тастап сіздің соңыңыздан ерді. Сізге арқа сүйеді. Сенді. Өмірін аманаттады.
🔑 Оның жүрегін ашатын кілтті Алла басқаға емес, тек сізге берді, оны көршінің не басқа ауылдың жігітіне емес, сізге нәсіп етті.
Алла бұл нығметті сізге сыйлады, бір-біріңізден тыныштық, тыным тауып орнығуларыңызға мүмкіндік берді. Араларыңызға махаббат пен сүйіспеншілік орнатып, сіздерді бір бүтін етті.
Ендеше, жақсы әйелдің күйеуі болу сіздің өз қолыңызда екенін ұмытпаңыз. Ол сіздің қабырғаңыздан жаратылған. Ол - сіздің көлеңкеңіз. Сіз қисық болсаңыз, әлбетте көлеңкеңіз де (яғни әйеліңіз де) қисық болмай ма?
🤲 Алладан жәрдем сұраңыз, Алламен қарым-қатынасыңызды реттеңіз. Ол от болып жана бастаса, су болып өшіруге тырысыңыз. Ол тоңса, жылуыңызды шашыңыз. Әлсіздігін күш-қайратыңызбен, қайғысын бір ауыз жылы сөзіңізбен, мұңайған жүзін күлкіңізбен көмкере біліңіз.
«Бөтен әйелге күліп қарап, өз әйеліне үріп қарайтын еркек - жақсы отағасы емес» деген сөз бар. Ендеше, отбасына жақсы қарау Пайғамбарымыздың ﷺ соңғы өсиеттерінің бірі болғанын есімізден шығармайықшы.
_______________